Жаңалықтар

Байқоңыр: гептилмен ұшатын Прогресс МС-34 кемесін ұшу алаңына алып шықты

Прогресс МС-34 жүк кемесі
Аса улы гептилмен ұшатын жүк кемесі / фото: Роскосмос

23 сәуірде таңертең Байқоңырда Прогресс МС-34 жүк кемесін ұшыру алаңына шығару басталды. Союз-2.1а зымыран тасығышы кемені 26 сәуірде орбитаға алып шығады.

«Роскосмос» мәліметінше, Прогресс МС-34 жүк кемесі 2,5 мың кг жүкті Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒК) жеткізеді. Оның ішінде отын, станциядағы экипаж мүшелеріне арналған азық-түлік, су, тазалық заттары, ХҒС ішкі атмосферасы үшін оттегі бар.

Федералдық мекеме жариялаған видеолардан зымыран тасығышқа тиелген кемені ангардан алып шығып жатқанын көруге болады.

Прогресс МС-34 жүк кемесі, 12 ақпанда Байқоңырдан ұшқан 700 тонналық Протон-М секілді, аса улы гептил отынын жағады. Ресей Қазақстаннан жалға алып отырған ғарыш айлағынан бұған дейін Прогресс МС-32, Прогресс МС-33 жүк кемелері әуеге көтерілген. Прогресс МС-35 кемесі де Байқоңырға жеткізілген. Жүк кемелері негізінен Халықаралық ғарыш станциясына қажетті заттар жеткізу функциясын атқарып жүр.

Прогресс МС-34 кемесіне 17 сәуірде гептил отыны құйылған.

Гептил – жүк кемесінің басты отыны. Онымен бірге амил тотықтырғыш ретінде құйылады. Бейсимметриялы диметилгидразин, яғни гептил аса улы отын. Ол адам ағзасына немесе қоршаған ортаға түссе, қатты улап, жүйке жүйесін зақымдайды, мутация тудырады. Гептилдің бір литр судағы бар болғаны бір микрограмы адамды өлтіруге жетеді. Оның буының өзі аса қауіпті.

Бұған дейі Kursiv.Media Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағы мен ел аумағындағы әскери полигондарды Ресейге жалға беруден қанша пайда тауып отырғаны туралы жазған.