
2026 жылдың І тоқсанында Қазақстанның мемлекеттік қарызды өтеуге жұмсаған қаржысы республикалық жалпы бюджет шығынының 16 пайызын құрады.
BCC Invest сарапшыларының макроэкономикалық шолуына сүйенсек, ел бюджеті мұнайға тәуелділіктен арыла бастағанымен, қарыз жүгінің ауырлай түскені байқалады.
2026 жылдың бірінші тоқсанында бюджет кірісі былтырмен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген жоқ (3,65 трлн теңге), бірақ оның құрылымында үлкен бетбұрыс бар.
Мәселен, мұнайдан түсетін табыс 54%-ға, ал Ұлттық қордан бөлінетін трансферт 45%-ға азайған.
Дегенмен қосылған құн салығы мен корпоративті табыс салығының есебінен салық түсімдер 29,4%-ға өсіп, бюджеттің мұнайға байланған шығындарын жауып тұр.
Бюджеттің шикізатқа телмірмей, дербес кіріс көздерін (мұнайдан тыс түсімдер 24,5%-ға артқан) қалыптастыруы оң үрдіс болғанымен, мемлекет қарызының көбеюі алаңдатарлық жағдай. Шығын өсіп, ал трансферт қысқаруы салдарынан бюджет тапшылығы 106,9 млрд теңгеге артқан.
Яғни қазір үкімет мұнай табысының орнын мемлекеттік қарыз есебінен толтырып отыр. Бұл өз кезегінде қарызға қызмет көрсету шығынын тағы 16,2%-ға арттырып, бюджетке қосымша салмақ салады.
Айта кетерлігі, биыл 870 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаз орналастырылған.
2026 жылы Ұлттық қордан алынатын қаржы екі жарым есе азаяды.