
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның Өңірлік экологиялық саммит пен жиынның күн тәртібін әзірлеуге қосқан үлесін жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы геосаяси тұрақсыздық белең алған шақта климат өзгерісі, қоршаған ортаның нашарлауы және су ресурстарының тапшылығы секілді қазіргі сын-қатерлерге қарсы іс-қимылды үйлестіру өте өзекті екеніне тоқталды.
«Қазақстанның тиімді әрі көпжақты дипломатияны қолдайтынын жақсы білесіздер. Қарабайыр күш халықаралық құқыққа үстемдік етіп отырған, геосаяси ахуал ушыға түскен құбылмалы кезеңде сіздермен жолығып отырмыз. Кеше осы күрделі мәселелер жөнінде егжей-тегжейлі баяндадым. Халықаралық қоғамдастық мұны Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да көпжақты құрылымдар шеңберінде бірлесе шешуі керек», – деді мемлекет басшысы.
Президент жаһандық мәселелерді шешуде мемлекеттердің күш-жігерін жұмылдыра алатын БҰҰ-ның әмбебап халықаралық платформа ретіндегі баламасыз рөліне назар аударды. Осы орайда Ұйымның тиімділігі мен беделін көтеруге арналған Бас хатшының UN80 бағдарламасын қолдайтынын тағы да атап өтті.
Ал БҰҰ өкілдері өз кезегінде Өңірлік экологиялық саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, Қазақстан Президенті пленарлық отырыста мазмұнды баяндама жасағанын оң бағалады.

Олардың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген идеялар пікірталасқа негіз болып, Қазақстанның бастамалары өзекті екенін көрсетті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 17 сәуірде Анталия өткен дипломатиялық форумының панелдік сессиясында БҰҰ-ның жұмысын сынға алған еді.