Жаңалықтар

Қазақстан футбол федерациясы журналист Ермұхамед Мәуленді сотқа берді

ҚФФ Ермұхамед Мәуленді сотқа берді / фото: ашық дереккөз

Қазақстандық танымал спорт журналисі және комментатор Ермұхамед Мәулен өзінің үстінен Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) арыз түсіргенін мәлімдеді. Бұл туралы ол «Бірінші бол» YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.

Полицияға шақырту

Журналистің айтуынша, жақында полиция басқармасына шақыртылып, ҚФФ-ның шағымымен танысқан. Қазіргі уақытта іс бойынша алдын ала тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Мені полиция басқармасына шақырды, ҚФФ сыртымнан шағым түсіріп, сотқа берген екен. Оны жасаған адамның есімін айтпай-ақ қояйын. Тергеушімен де кездестім, сұрақтарына жауап бердім», – деді Ермұхамед Мәулен.

Филологиялық сараптама

Даудың негізгі себебі журналистің айтқан пікірлерінде немесе жарияланымдарында болуы мүмкін. Қазіргі таңда оның сөздеріне қатысты арнайы филологиялық сараптама тағайындалған. Сарапшылар Мәуленнің сөзінде біреудің ар-намысына тиетін немесе заңға қайшы келетін элементтердің бар-жоғын анықтайды.

Ермұхамед Мәулен бұл жағдайға сабырмен қарап, егер қателігі дәлелденсе, оны мойындауға дайын екенін жеткізді.

«Қазір филологиялық сараптама тексеріліп жатыр. Егер біреудің шамына тиіп кететіндей жағдай туындатсам, кешірім сұрауға дайынмын», – деп түйіндеді ол.

ҚФФ тарапынан әлі ресми мәлімдеме жасалған жоқ.

YouTube video player

Еске сала кетейік, бұған дейін УЕФА Семей мен Қызылодадағы стадиондарға тексеріс жүргізетіні туралы жазған едік.