
Қазақстан үкіметі Ақмола облысында астықты терең өңдейтін заманауи кәсіпорын салу жобасын мақұлдады. Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азия Алтын Дән» ЖШС арасында инвестициялық келісім бекітілді. Ақмола өңірінің агроөнеркәсіптік әлеуетін еселейтін бұл жоба биотехнологиялық және қалдықсыз өндіріске негізделмек.
Қанша инвестиция құйылады
Жаңа зауыт «Aqmola» индустриялық аймағының 500 гектар аумағын қамтиды. Жобаның жалпы құны 300 млрд теңгені құраса, кәсіпорын іске қосылғанда жылына 6 млн тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы болады.
Мұнда астықты өңдеудің толық циклі жолға қойылып, ұн мен жарма өнімдерінен бастап, жоғары қосылған құны бар дайын мал азығына дейінгі тауарлардың кең ассортименті шығарылады.
Бұл бастама отандық шикізатты өңдеу деңгейін арттырып, экспортты әртараптандыруға және импортқа тәуелділікті төмендетуге жол ашады.
Мамандар дайындайды
Өндіріс орнының ашылуымен аймақта 800-ге жуық жаңа жұмыс орны пайда болады. Келісім аясында инвестор тек өндіріспен шектелмей, білікті техникалық мамандар мен биоинженерия саласындағы кадрларды даярлауды да өз мойнына алды.
Инвестор индустриялық аймақтың сыртқы инженерлік-коммуникациялық желілерін дамытуға қаржы бөліп, зауыт іске қосылған соң «Астана – Қарағанды» тас жолында көлік айрығы бар жол өтпесін, сондай-ақ теміржол магистралі арқылы өтетін автожол салуды жоспарлап отыр.
Бұған қоса, компания әлеуметтік жауапкершілік аясында Аршалы ауданының тұрғындары үшін хауыз бен жекпе-жек залдары бар көпфункционалды спорт-сауықтыру кешенін тұрғызбақ. Бұл кешен зауыт жұмысы басталғаннан кейін екі жыл ішінде пайдалануға беріледі.
Компания иесі кім?
Ашық дерекөзге сәйкес, 2025 жылы құрылған «Азия Алтын Дән» ЖШС-нің екі құрылтайшысы бар. Олар: Asia Golden Grain Holdings мен Century Harmony Asia Ltd.
Бірінші компанияның акционері HS Global Group Limited болса, екіншісі қытайдың ірі Shijixianghe Asia Pte. Ltd. астық компаниясына тиесілі.
Бұған дейін АШМ 2027 жылы жалпы сомасы 874,3 млрд теңге болатын 26 жоба іске асырылатынын жазған.