Банк пен қаржы

Сатыбалды әкімдігі Медеу соқпағын жөндеуге 4,1 млрд теңге жұмсайды

Медеу соқпағындағы баспалдақ
Медеу шатқалындағы денсаулық соқпағы / фото: shutterstock

Медеу шатқалындағы соқпақты жөндеуге 4,1 млрд теңге жұмсалады. 23 сәуірде Дархан Сатыбалды әкімдігі осындай тендер жариялады.

Қымбат тендер

«Медеу» табиғи паркін абаттандыруды көздейтін лотты мемлекеттік сатып алу порталына Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы орналастырды. Тендер құны – 4 млрд 130 млн 935 мың теңге.

Медеу мұз айдынының өзі былтыр жөндеуге жабылған. 2027 жылдың аяғында ғана ашылады. Енді табиғи паркті жөндеуге бөлек тендер жарияланып отыр.

Жобаны талқылау 27 сәуірге дейін созылып, сол күні тендерге өтініш қабылдау басталады. Жеңімпаз шамамен 30 сәуірде жарияланады.

Не өзгереді

«Медеу» табиғи паркін абаттандыру жобасын «Қазақ жобалау құрылыс» сонау 2022 жылы дайындаған. Мекеме былтыр жазда оны қайта бекіткен. Тендердің техникалық сипаттамасында құрылыс 2025 жылдың екінші жартысында басталады деп көрсетілген. Алайда белгісіз себептермен мемлекеттік сатып алу енді ғана жарияланып отыр.

Медеу шатқалындағы соқпақ
Жобада көрсетілген карта / фото: gov.kz

Жобаның техникалық сипаттамасында шамамен 8 шақырымдық соқпақ жөнделетіні айтылған. Паркке 175 орындық қойылады. Сегіз көпір салынады. Бұған қоса жол бойына 40 боллард (көлік қозғалысын шектейтін құрылғы) орнатылады.

Сонымен бірге биіктігі 48 метр болатын жартасқа өрмелеу мұнарасы орнатылады. Оның құны шамамен 148 млн теңге тұрады.

Бұған қоса 33,5 мың шаршы метрге тас төселетін болды. Қоғамдық әжетхана, 20 баспалдақ, бір қабатты ғимарат салынады. Медеу Пұсырманұлы туралы бес стенд орнатылады.

«Медеу» шатқалы қала тұрғындары мен туристер жиі баратын орын. Әсіресе, салауатты өмір салтын ұстанушылар денсаулық соқпағымен жүріп, баспалдақпен жоғары көтерілгенді ұнатады.

Бұған дейін Kursiv.Media Алматы облысындағы қала мен ауылдарда 59 млрд теңгеге тоғыз мектеп салынатыны туралы жазған.