
Щучинск қаласында «Центр плова Loft» дәмханасындағы жарылысқа қатысты тергеу жалғасып жатыр. Тағы екі адам қамауға алынды. Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасы хабарлады.
20 сәуірде прокурорлар газ құю станциясының директорын, сондай-ақ газ баллондарды жеткізушіні ұстаған. Оларды баллондарды толтыру және жеткізу бойынша қызмет көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деп күдікке іліккен.
«Күдіктілердің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306 – бабының 3-бөлігі бойынша (абайсызда екіден көп адамның ауыр зардаптары мен өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) сараланды. Аталған бап санкциясы 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», – деп жазылған хабарламада.
Сот санкциясымен бір күдікті тергеу кезінде қамауда отыратын болды, ал екіншісіне қатысты үйқамақ шарасы қолданылды. ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мән-жайлар жария етуге жатпайды.
Жантүршілгерлік жарылыс
Еске салайық, 27 ақпанға қараған түні Щучинск қаласындағы дәмханада газ баллоны жарылып, 11 адам қайтыс болды. Бірнеше адам зардап шегіп, ауыр жарақатпен емханаға түсті.
Осы іске қатысты «Центр плова» дәмханасының иесі қамауға алынды. Ал премьер-министр Олжас Бектенов газ қызметтерін бақылауды күшейтуді тапсырды.