Жаңалықтар

Теңгенің нығаюы салдарынан зейнетақы қоры 240 млрд теңге инвесттабысынан айырылды

ЕНПФ
БЖЗҚ қанша инветтабысынан айырылды / Аскар Ахметуллин

Теңгенің нығаюы салдарынан зейнетақы қоры наурыз айында 240 млрд теңге инвесттабысынан айырылды. Бұл туралы Сенат кулуарында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты.

«Бұл ретте зейнетақы қоры шығынға ұшырап отырған жоқ. Сөз инвестициялық табыстың төмендегені туралы болып отыр. Оған себеп – теңгенің нығаюы», – деді Молдабекова.

Қаңтар-наурыз айларында теңгенің долларға қатысты бағамы 5,5 пайызға нығайды. Бұл БЖЗҚ-ның инвестициялық табысының төмендеуіне әкеп соққан. Наурыз айында ол 240 млрд теңгеге азайған.

Өйткені БЖЗҚ акивтерінің 40 пайызына доллар сатып алынған. Доллар қымбаттаса, инвесттабыс артып, арзандаса, табыс қысқарады.

Дегенмен Молдабекова БЖЗҚ қорының жыл басынан бергі табысы оң мәнде екенін атап өтті. Осы орайда ол салымшылардың қаражатына қатысты алаңдауға негіз жоғын, ешкімнің де қаржысы жоғалмағанын баса айтты.

«Жалпы, зейнетақы қорының табыстылығы туралы айтқанда оның ұзақ мерзімді пайдасына мән берген жөн. Өйткені валюта бағамы мен бағалы қағаздар құны күн сайын құбылып тұрады», – деді ол.

Зейнетақы қорындағы қаржы 26 трлн теңгеге жуықтап қалған. БЖЗҚ активтерінің басым бөлігі – 25,76 трлн теңгесін Ұлттық банк басқарады.