
Zaimer брендінің иесі Robocash.kz микроқаржы ұйымы жалғыз қожайынына 5,2 млрд теңге дивиденд төледі. Қомақты қаражат 2023 және 2024 жылғы қызметі үшін аударылды.
Қомақты дивиденд
Дивиденд жалғыз қатысушыға 2026 жылғы 20 сәуірде төленді. Ол туралы мәлімет 23 сәуірде Қаржылық есептілік депозитарийі сайтында жарияланды.
2024 жылғы қызмет үшін нақты төленген сома – 2 819 000 000 теңге. Бір үлеске есептелген дивиденд мөлшері – 5 теңге.
2023 жылғы қызмет үшін нақты төленген дивиденд – 2 440 999 787 теңге. Екеуін қосқанда 5 млрд 260 млн теңге шығады.
Робокэш қожайыны кім
eGov мәліметінше, «Робокэш.кз» микроқаржы ұйымының бірінші жетекшісі – Әсет Қасенбаев. Ал компанияның жалғыз құрылтайшысы – Robocash PTE.Ltd. Сингапурда тіркелген осы компания ресейлік кәсіпкер Сергей Седовқа тиесілі. Бұл туралы KASE-де жарияланған құжатта айтылған. Оның тағы бірнеше компаниясы бар.
Robocash.kz компаниясы Қазақстан нарығында «Займер» (Zaimer.kz) брендімен 2015 жылғы тамызда жұмыс істей бастады. Ал 2023 жылы Қазақстан қор биржасына (KASE) тіркеліп, таза пайда мен актив көлемі жөнінен елдегі ең ірі бес микроқаржы ұйымының қатарына кірді.