
24 сәуірде таңертең Астана қаласы Сарайшық ауданы Бөлекпаев көшесі бойындағы төрт қабатты ғимарат өртенді. Құтқарушылар таратқан мәліметке қарағанда, от ғимараттың жертөлесінде орналасқан саунада тұтанған.
Астана қалалық төтенше жағдайлар департаментінің Kursiv.Media-ға хабарлауынша, ғимаратта медициналық мекеме орналасқан. Өрт ғимараттың жертөлесіндегі саунаның бу бөлмесінде тұтанған. Себебі анықталып жатыр.
ТЖМ таратқан видеодан қара түтін ғимараттың жертөлесінен будақтап шығып жатқанын көруге болады. Бұл уақытта ғимарат алдында ақ халат киген бірнеше адам тұр.
Құтқарушылардың дерегінше, өртенген ғимараттан шамамен 150 адам өздігімен сыртқа шықты. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Өрт таңғы сағат 08:43-те оқшауланғаны хабарланды.
Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын Атырауда жекеменшік балабақша ғимараты өртенген.