Жаңалықтар

Атырауда жеңгетайлықпен айналысып, секс-қызмет ұйымдастырған 16 адам сотталды

субсидии сот
фото: pexels.com, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Атырау облысында жеңгетайлықпен айналысып, секс-қызмет ұйымдастырған 16 адам сотталды. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, оларға 3 жыл мерзімге шартты түрде жаза кесіліп, пробациялық бақылау орнатылды.

Сотталғандардың арасында бес ер адам бар, өзгелері әйелдер.

Тергеу барысында анықталғандай, топ мүшелері өзара рөлдерге бөлініп әрекет еткен. Бір бөлігі клиент іздеумен айналысса, қалғандары интимдік қызмет көрсетіп отырған. Ал бес ер адам топ мүшелерін тасымалдап, қауіпсіздігіне жауапты болған.

Сот шешіміне сәйкес, жазасын қоғамнан оқшауланбай өтеуге мүмкіндік алған бұл азаматтар Атырау қалалық пробация қызметіне есепке қойылды. Қазіргі таңда олармен тұрақты түрде профилактикалық және түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Былтыр Қызылордада осыған ұқсас жантүршігерлік оқиға тіркелген. 16 жасар оқушы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Осыған қатысты қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер 4-7 жыл аралығында бас бостандығынан айырылды.