Жаңалықтар

Бибісара Асаубаева қазақ тілін үйренуді қолға алды

Бибісара Асаубаева
Фото: Қазақстан Шахмат Федерациясы

Шахматтан әлемнің екі дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева өзінің Telegram-арнасында қазақ тілінен жаңа мұғаліммен алғашқы сынақ сабағын өткізетінін мәлімдеді.

Бибісараның айтуынша, қазіргі таңда ол өзін жан-жақты дамытуға күш салып жатыр. Күнделікті тығыз кестесіне тіл үйрену мен контент сапасын арттыруды қосыпты.

«Қазақ тілінен жаңа мұғаліммен сабағым жоспарланған. Сонымен қатар, ағылшын тілінен де ұстаз таптым. Спортқа әлі толық орала алмадым, бірақ сол бағытта жұмыс істеп жатырмын», – деді спортшы.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың маусым айында Бибісара Асаубаева журналистердің қазақ тіліндегі сұрағына жауап бере алмай, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Сол кезде шахматшы отбасында орысша сөйлейтінін және жаттығу кестесінің тығыздығынан тіл үйренуге уақыт бөле алмағанын ашық айтқан еді.

Тіл үйренуден бөлек, Бибісара видеоконтент жасауға да ден қойған. Ол анасынан кәсіби микрофондар алып, арнайы жарықтандыру құрылғыларына тапсырыс бергенін айтты.

«Жазбаларымды қолдағандарыңызға рахмет. Мінсіз болмағанын түсінемін, бірақ біртіндеп жақсарамыз», – деп түйіндеді Асаубаева өз сөзін.

Бибісараның бұл қадамы желі қолданушылары тарапынан оң бағасын алып жатыр.

Айта кетейік, соңғы уақытта желіде Бибісара Асаубаеваның жеке өмірі де көп талқыланып жүр. Қазақстандық шахматшы өзбекстандық Жавохир Синдаровпен бірге көзге түскен еді.