Lifestyle

Димаш Құдайбергеннің жобасында қазақстандық Нұржас Садырбаев жеңіске жетті

Фото: Dimashnews.com

Қазақстандық талантты әнші Нұржас Садырбаев халықаралық «Voice Beyond Horizon» (Көкжиектен асқан үн) музыкалық жобасында топ жарып, бірінші орынды иеленді. Өнерпаз байқауда жоғары кәсіби деңгейде өнер көрсетіп, «Даңқ жұлдызы» атағына лайық деп танылды, Бұл туралы Dimashnews.com. хабарлады.

Димаш Құдайбергеннің авторлық жобасы

Аталған халықаралық шоу Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің тікелей бастамасымен және атқарушы продюсерлігімен жүзеге асырылды. Жобаның географиясы да ауқымды болды.

Түркістан қаласында бастау алып, Ақтау мен Алматыда жалғасып, Астана қаласында салтанатты түрде қорытынды жасалды.

Байқауға Қытай, Қазақстан, Малайзия, Сербия, Италия және Қырғызстаннан келген 8 өнерпаз қатысты. Олар тек өнер көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның киелі жерлерін аралап, халқымыздың бай мәдениетімен, тарихымен танысты.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Нұржас Садырбаевтың жеңісіне жоғары баға беріп, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жылы лебізін білдірді.

«Қазақстандық талантты әнші Нұржас Садырбаевты «Voice Beyond Horizon» халықаралық жобасындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Нұржастың таланты, еңбегі мен сахнадағы шеберлігі әлемнің әр елінен келген қатысушылар арасында ерекше танылып, лайықты түрде жоғары бағаланды. Қазақ өнерінің көкжиегі кеңейе берсін!», – деп жазды министр.

Қытай медиа кеңістігіндегі рекордтар

«Voice Beyond Horizon» жобасы Қытайдың медиа кеңістігінде нағыз резонанс тудырды. Hunan TV телеарнасының мәліметінше, бағдарлама рейтинг жағынан көш бастап тұр.

Стримингтік платформалардағы тікелей эфирлердің жалпы қаралымы 102 миллионнан асты. Әлеуметтік желілерде жоба төңірегінде 143-тен астам тренд тақырып қалыптасты.

Премьера CVB, CSM және CSM71 сияқты ұлттық желілердегі рейтингтерде сенімді түрде бірінші орынға шықты.