
23 сәуірде Еуропа одағы Ресейге қарсы санкцияларының осымен 20-пакетін жариялады. ЕО-ның «қара тізіміне» кіргендердің ішінде Қазақстанның United Trading Group компаниясы да бар.
ЕуроОдақ мәліметінше, Қазақстанда орналасқан бұл компанияның негізін Әлімжан Беков қалаған. Оның UrSeCo Handels GmbH & Co. KG неміс компаниясымен байланысы бар. Компания сол арқылы Ресейге сапасы жоғары хлорлы сутек (HCl) жеткізумен айналысқан. Әдетте оны жартылай өткізгіш дайындау үшін қолданады.
ЕуроОдақ құжаттарында айтылғандай, қазақстандық компания HCl химиялық затын немістерден алып, оны Ресейдің Siltron, Electronsnab компанияларына жеткізіп отырған. Тауар Польша, Түркия, Қазақстан және Ресей бағытымен қозғалған. Соған назар аударған Еуропа қазақ компаниясы санкцияны айналып өтуге көмектесті деген тұжырым жасаған.
Бұған дейін де Қазақстанның бірнеше компаниясы Еуропа одағының «қара тізімінен» табылған. Атап айтқанда, 2025 жылғы ақпанда ЕО-ның 16-пакетінде «Kazstanex», «МеталлСтан», ал 2024 жылғы маусымда (14-пакет) «Da Group 22», 2024 жылғы ақпанда (13-пакет) «Elem Group» компаниялары болған.
Бұдан бөлек, ресейлік банктердің Қазақстандағы филиалдары да түрлі шектеулерге ұрынған.