
Ақмола облысы Қосшы қаласында шамамен 11,2 млрд теңгеге жаңа орта мектеп салынады. Мекемеде 1500 бала білім алады. Мектеп құрылысына қатысты тендер 24 сәуірде жарияланды.
Тендер өтеді
Астана іргесінде халық саны шарықтап дамып келе жатқан Қосшы қаласына жаңа мектеп салу туралы лотты жұма күні Ақмола облысының әкімдігі орналастырды. Тендерді талқылау 28 сәуірге дейін созылады. Сол күні құрылыс компанияларынан өтініш қабылдау басталып, нәтижесі мамырдың басында мәлім болады.
Мектеп мемлекеттің 11 млрд 195 млн 632 мың теңгесіне салынады. Тендер жеңімпазы алты ай ішінде жобалап, құрылыс-монтаж жұмыстарын 2027 жылғы 31 тамызға дейін аяқтауы тиіс.
Қосшыға мектеп қажет
Қазір Қосшы қаласында сегіз мектеп барі. Былтыр қабылданған бас жоспарда 2038 жылға қарай қала халқының саны 150 мыңға жетуі мүмкін екені айтылған. Соған байланысты үкімет тағы сегіз мектеп салуды көздеп отыр.
Ресми мәлімет бойынша, қазір Қосшыда 60 мыңнан астам адам тұрады. Бірақ Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов шын мәнінде қала халқының саны одан екі есе көп деп есептейді. Өңір басшысы осындай мәліметті былтыр қазанда айтқан.
Қосшы елдімекені осыдан алты жыл бұрын қала мәртебесіне ие болды. Ол Астана қаласынан бар болғаны 20 км жерде орналасқан.
Бұл уақытта Алматы облысы биыл өңірдегі қала мен ауылдарда тоғыз жаңа мектеп салуды көздеп отыр. Сол үшін 59 млрд теңгеге тендер жарияланған.