
Қырғызстанда мемлекеттік әнұран мәтіні мен музыкасының жаңа редакциясының жобаларын іріктеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды.
Мемлекеттік хатшы Арслан Қойшиев басқаратын комиссия құрамына депутаттар, ғылым және мәдениет қайраткерлері, филологтар, музыкатанушылар мен композиторлар енген.
Талапқа сәйкес, әнұранның жаңа мәтіні жоғары көркемдік мәнерлілікке ие, үйлесімді, салтанатты, патриоттық және эмоционалды болуы, сондай-ақ оңай жатталуы тиіс. Музыкалық шығарма тарихи мұраны, бай мәдени дәстүрлерді, елдің жоғары жетістіктерін, Қырғызстан халқының ұлттық бірлігін және Отанға деген сүйіспеншілігін көрсетуі керек.
Әнұранның іріктеліп алынған үш нұсқасы 2026 жылдың 1 маусымына дейін Жогорку Кенештің қарауына ұсынылады.
Айта кетейік, әнұранды өзгерті туралы бастаманы Нұрланбек Шәкиев көтерген. Оның бұл пікірін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та қолдаған еді.
Қазақстанда әнұран 2006 жылы өзгерген еді. Сол кездегі ел президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Кеңес одағы кезінде Шәмші Қалдаяқов әнін, Жұмекен Нәжімеденов сөзін жазған «Менің Қазақстан» әні мемлекеттік гимнге айналған. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әннің мәтінін өзгертіп, автор ретінде қосылған.