
24 сәуірге қараған түні Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Бірлік ауылына қарғын кірді. Қаратаудан ауылға қарай аққан екпінді су көшелерді, бірнеше үйдің ауласын басты.
Қарғын су басқан түн
Бейсенбі күні Бірлік тұрғындары ұйықтаған жоқ: түн жарымында ауылға қарғын су кірді. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда қызыл судың көшелерге, тіпті үйлердің ауласына кіріп жатқанын көруге болады.
«Жігіттер, суға баттық. Көмекке келіңдер. Көшені толық алды. Бәрі бітті. Түк қалмады. Су үйдің іргетасына жетті», – дейді достарынан көмек сұраған ауылдың жас тұрғыны.
Тағы бір видеода судың ауылдағы бір үйдің ауласына кіріп кеткені бейнеленген. Үй қожайыны жағдайды бір ауыз сөзбен «толды» деп қана сипаттаған.
Ауданнан келген көмек
Бірлік ауылының тұрғындары қарғын судың қарқынын тойтаруға кіріскен. Ауданнан 300-ге тарта адам су басқан ауылға жәрдемдесуге келген. Олардың арасында құтқарушылар ғана емес, аудан әкімі мен прокуроры да жүр.
Жүздеген адам қапқа құм толтырып, су кіру қаупі бар үйлердің айналасына төкті.
Мессенджерде таралған видеолардың бірінде қарғын су қарқыны таңға қарай қайтқаны айтылды.
«Қарғын судың деңгейі төмен түсті. Алаңдаушылық жоқ. Аз ғана уақыттың ішінде жиналып, осындай тіршілік болып жатыр», – деп сипаттағы ауылдағы жағдайды видео авторы.
Таңға жуық түсірілген суреттерден судың қарқыны шынымен бәсеңдегенін көруге болады.
2 мыңнан астам адам тұратын Бірлік ауылы Қаратаудың соңғы сілемдерінің етегінде, Шымкент-Самара күре жолы бойында орналасқан. Таудан аққан Ақүйік өзені ауылдың жоғары жағындағы көлтоғанға құяды. Көктем уақытында көтерілген су әдетте ауыл маңындағы бірнеше арнамен ағады.