
Бүгін үкіметте өткен кеңесте Алматы тау кластері мен Almaty Superski курортын дамыту барысы қатаң талқыға түсті. Премьер-министр Олжас Бектенов жобаның жүзеге асу қарқынына көңілі толмайтынын ашық айтып, мемлекеттік органдардың жұмысқа салғырт қарап отырғанын сынға алды.
«Алматы тау кластері мен Almaty Superski курортын дамыту – экономика үшін туристер ағынын ұлғайтуға және инвесторларды тартуға тікелей ықпал ететін маңызды жобалар. Оларды жүзеге асыру негізсіз созылып бара жатыр. Мемлекеттік органдар бұл жұмысқа толық кіріскен жоқ. Барлық мәселені жедел және бірлесіп шешіңіздер», – деп мәлімдеді ол.
Алматы тау кластері дамыту жоспары
Алматы тау кластерін дамыту екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде Шымбұлақты жаңғырту және Бутаковка, Кімасар шатқалдары аймақтарын дамыту көзделген. Екінші кезең 2027 жылы басталады және Пионер, Oi-Qaragai курорттарын дамыту жоспарланған. Сондай-ақ олар аспалы жол жүйесі арқылы біріктіріледі.
Жобаның ерекшелігі Шымбұлақ, Almaty Superski курорттарына және басқа да бағыттарға аспалы жолдардың негізгі көлік торабы болатын бірыңғай вокзал болады.
Биыл қандай жұмыс атқарылады?
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды биылға жоспарланған жұмыстарды атап өтті. Сөзінше, Шымбұлақты жаңғырту аясында жеті аспалы көпірдің алғашқысының құрылысы басталады. Жыл соңына дейін екі жаңа желіні аяқтау жоспарланған, оған 5 шақырымнан астам трасса қосылады. Сондай-ақ Шымбұлақта 2 аспалы жол жаңғыртылады.
Almaty Superski жобасы қазір инженерлік инфрақұрылым дайындап, жабдықтар сатып алып жатыр. Биыл 8 көпір мен су өткізу құрылыстарын салу көзделген. Одан бөлек ұзындығы 6 шақырым автожол құрылысын бастау жоспарланған. Газбен жабдықтау және кәріз желілері 2027 жылы жолмен бір мезгілде салынады.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақты дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған жоспарын таныстырды. Бұл бағытта жалпы құны 92,8 млрд теңге болатын 15 жобаны іске асыру көзделген. Айта кетерлігі, қаржының басым бөлігі, атап айтқанда 83,8 млрд теңгесі – жеке инвесторлардың салымы.
Қазірдің өзінде Oi-Qaragai курортында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мұнда 10 орындық гондола мен 6 орындық аспалы жол іске қосылып, шаңғы трассаларының алғашқы кезегі мен параглайдинг алаңы ашылды. Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында 2027 жылдың күзіне қарай курортты қосымша электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар «Тау-Тұран-Байбұлақ» автожолын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Алматы тау кластерін дамытуды екі жыл бұрын Тоқаев тапсырған еді. Бұл жоба Қазақстанға келетін шетелдік туристер ағынын екі есе көбейтуі керек. Кешеннің бастапқы тұжырымдамасын мына жерден көруге болады.