Жаңалықтар

Ұлттық кітап күні: Алматы облысында жүйелі жұмыстар жалғасуда

Алматы облысында кітапхана саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыс әкімдігіне қарасты 145 мемлекеттік кітапхана халыққа тұрақты мәдени-ағартушылық қызмет көрсетіп келеді.

2026 жылы кітап қоры 1983 дана жаңа әдебиетпен толықтырылып, «БАРЫС» бағдарламасының электронды каталогына енгізілді. Қазіргі таңда elib.obllibrary.kz сайтында 1,9 млн-нан астам кітапты қамтитын электронды қор қолжетімді. ҚазҰЭБ базасымен бірлесіп 2137 кітап цифрландырылып, кітапханалық қызмет көрсету үдерістері кезең-кезеңімен автоматтандырылуда.

Кітапханаларды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда: Қонаев қалалық және Ұйғыр аудандық кітапханалары жаңартылып, Шелек және Жандосов ауылдық кітапханаларын ашу жоспарлануда.

Ұлттық кітап күні аясында 15–23 сәуір аралығында облыста 152 іс-шара өткізіліп, 15 мыңнан астам адам қамтылды. Қонаев қаласында өткен «КітапFEST – ұлттық құндылық» мерекелік іс-шарасында кітапханашылар марапатталып, қаламгерлермен кездесулер ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Астанада өткен IX Халықаралық «Astana Eurasian Book Fair — 2026» көрмесінде облыстық кітапхана өңір қаламгерлерінің шығармаларын таныстырды.

Қарасай ауданында жазушы, филология ғылымдарының докторы Бекен Ыбырайыммен кездесу өтіп, оқушылар «Іздер құпиясы» шығармасын талқылады.

Жалпы, атқарылған жұмыстар кітап оқуды насихаттап, ұлттық руханиятты дамытуға серпін беруде.

Мемлекеттік тапсырыс