Жаңалықтар

Жетісу облысында Burning Man стиліндегі фестиваль өтуі мүмкін

фото: shutterstock / бильд-редактор Адэлина Мамедова

Қазақстанның Креативті индустриялар қауымдастығы Жетісу облысында әйгілі америкалық Burning Man фестиваліне ұқсас ауқымды шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы қауымдастық президенті Давид Туганов Kursiv LifeStyle басылымына айтып берді.

Қазіргі таңда жоба авторлары инвестор іздестіріп жатыр. Осындай деңгейдегі шараны өткізу үшін кемінде 100 мың доллар қажет.

«Бізде Дарбазақұм ауылының маңында, Қорғастан 40 минуттық жерде 15 гектар телім бар. Ол жерге мыңдаған адам барады. Онда ыстық қайнар көзі бар, су мен электр жарығы тартылған. Осы жердің 5 гектарын Burning Man өткізуге пайдалануға болады», – дейді Туганов.

Ұйымдастырушылар қазірдің өзінде Талдықорған әкімдігінің қолдауына ие болып, ұзақ мерзімді жоспарларын ойластырып қойған. Алғашқы жылы фестивальді тегін өткізіп, қатысушыларды шатырларға орналастымақшы. Ол жерде тек тамақ пен мерч (брендтік өнімдер) сатылмақ. Уақыт өте келе, арт-нысандар паркі кеңейген соң, фестивальге кіру ақылы болуы мүмкін.

Burning Man арт-фестивалі жыл сайын АҚШ-тың Невада штатындағы Блэк-Рок шөлінде өтеді. Жылына бірнеше күнге ғана созылатын бұл шара кезінде тіршілік белгісі жоқ жазықта тұтас бір қала бой көтереді. Қатысушылар түрлі материалдардан алып инсталляциялар жасап, ерекше көліктермен жүреді.

Kursiv осы жылы мамырда Алматыға келіп, концерт беретін жұлдыздарды тізіп шыққан еді. Мамырдағы шаралар туралы мына жерден біле аласыз.