
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Қазақстандағы құдаларымен бірге «Атамекен» әнін орындады. Ол бір күн бұрын Ақордада қазақ президентімен кездескен.
Құда күту
Эфиопия азаматы Тедрос Қазақстанды екінші үйі деп санайды. Ол Instagram әлеуметтік желісіне құдалармен бірге өткізген көңілді отырыстан үзінді жариялады.
«Ардақ құдағи, Дәулет құда, ғажап кеш үшін рахмет. Қазақстандағы туыстармен бірге көңілді отырыс болды», – деп жазды шетелден келген құда.
Эфиопиядан келген мейманды Дәулет Тұрлыханов шаңырағы қонаққа шақырған. Ескендір Хасанғалиевтің әйгілі әнін қосыла орындағандардың арасында ол да болды.
Құдалар
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры қазаққа құда болып келеді. Оның ұлы ақын Жүрсін Ерманның немересіне үйленген.
Дәулет Тұрлыхановтың ДДСҰ басшысын қонаққа шақыратын жөні бар. Өйткені ол Жүрсіннің кенже қызы Ардақ Ерманға үйленген, яғни ақынның күйеу баласы.
Айта кетейік, Тедрос 2023 жылғы қазанда Қазақстанда өткен бір форумда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты да құда деп атаған. Бір күн бұрын, 23 сәуірде президент онымен Ақордада кездескен.