Авто

Артқы дөңгелектері бұрылады: Li Auto Бейжіңде L9 Livis флагманын таныстырды

Lixiang L9 Livis, Li L9 Livis, ли л9, лисян л9
Жаңа Li L9 Livis 2026 әр дөңгелекті жеке көтере алады / Фото: t.me/autoruonline

Бүгін, 24 сәуірде Бейжің автосалонында Li Auto компаниясы жаңартылған флагман – Lixiang L9 Livis моделін таныстырды. Оның бағасы шамамен 560 мың юань (38,1 млн теңге) деп жарияланды, ал сатылым мен тапсырыстарды жеткізу 15 мамырға жоспарланған. Бұл туралы Autohome хабарлады.

Ауқымды жаңартудан кейін кроссовердің өлшемі ұлғайған (ұзындығы 5255 мм, дөңгелек базасы 3125 мм). Сонымен қатар ол екі түсті шанақпен және алты орындық салонымен жабдықталған. Сыртқы келбеті де жаңартылып, артқы жарық жүйесі мен дизайн элементтері өзгертіліп, премиум әсері күшейтілген.

Жаңартылған нұсқа несімен ерекшеленеді

Негізгі ерекшелігі 800 вольттық архитектураға негізделген толық тәуелсіз белсенді аспа жүйесі. Бұл жүйеде әр дөңгелек жеке-жеке көтеріліп, төмендей алады. Таныстырылым кезінде ол көліктің құмнан шығуына көмектесіп, оны қиын жағдайдан «тартып шығара алатыны» көрсетілді.

Фото: t.me/autoruonline

Сонымен қатар көлікте «сым арқылы басқарылатын» руль жүйесі бар және артқы дөңгелектері де бұрыла алады, бұл оның маневр жасауын жеңілдетеді.

Автопилот және жүріс қоры

Фото: t.me/autoruonline

Lixiang L9 Livis төрт лазерлік сенсормен жабдықталған. Деректерді өңдеуге жалпы есептеу қуаты 2560 TOPS болатын екі 5-НМ чип жауап береді. Көлікте навигациялық автопилот жәнеавтотұраққа қоюдың кеңейтілген функциялары бар.

Қозғалтқыш бөлігі гибридті жүйеден тұрады және жаңа 1,5 литрлік қозғалтқыш-генератормен жабдықталған. 72,7 кВт·сағ батареясы электр қуатымен 340 км-ге дейін жүріс қорын қамтамасыз етеді (CLTC). Жалпы жүріс қоры 1500 км-ден асады. Ал отын шығыны WLTC стандарты бойынша 100 км-ге 6,3 литрге дейін төмендетілген.

Фото: autohome.com.cn

Компанияның өзінде Li L9 Livis жаңа стратегияның негізгі моделі деп аталады. Бұл енді үлкен отбасылық кроссовер емес, бағдарламалық қамтамасыз етуге, автономды мүмкіндіктерге және жайлылыққа басымдық берілген толыққанды «ақылды» автокөлік.

Li Auto L9 стандартты нұсқасы Қазақстандағы ресми дилерлерде 41,1 млн теңгеден басталады, ал Kolesa.kz платформасында 2024–2025 жылғы жаңа кроссоверлер 30,6 млн теңгеден бастап ұсынылып отыр.