Жаңалықтар

Тоқаев Астанадағы жаңа саябақта ағаш отырғызды

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы экобелсенділермен бірге елорданың «Самал» саябағында ағаш отырғызды.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Аталған саябақ Әл-Фараби, Керей мен Жәнібек хандар және Бұқар жырау көшелерінің арасындағы аумақта салынып жатыр. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке бұл жоба аумақты дамытудағы негізгі бастамалардың бірі екенін айтты.

Саябақ көпфункциялы кеңістік ретінде жобаланған, онда отбасылық, спорттық және мәдени демалыс түрлеріне жағдай жасалады. Жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда. Саябақ аумағында жаяу серуендеу жолдары, тынығу және демалыс аймақтары, заманауи ойын алаңдары, тоған, көпірлер және панорамалық шолу алаңдар болады.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Саябақта скейт және велосипед тебуге арналған алаңдар орнатылуда. Сондай-ақ баскетбол, теннис және футбол ойнауға арналған аймақтар болады. Саябақ аумағына ағаштар отырғызылып, демалыс пен кітап оқуға, демалуға және көлеңкеде отыруға арналған ашық шатырлар орнатылады. «Саябақ 2026 жылы ашылады деп жоспарлануда.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында екі жыл ішінде ел бойынша 1,5 мың экологиялық іс-шара өткізілген. Осы жұмыстар барысында 2 млн тонна қалдық жиналып, шамамен 5,5 млн ағаш отырғызылған.