Жаңалықтар

Үй жануарларына қатыгездік көрсеткендер жауапкершілікке тартылады

Президент қазақстандықтар қорғансыз жануарларға жасалатын қатыгездікке бейжай қарамауы керек екенін айтты. Оның айтуынша, оларға қатыгездік көрсеткендерге кесілетін қылмыстық жазаны күшейтуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде жануарларға қамқорлық мәдениет қалыптастыру керектігін айтты. Оның айтуынша, жануарларды дұрыс күтіп-бағу талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтіп, оларға қатыгездік көрсеткендерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті арттыру қажет.

«Негізі, қаңғыбас иттер проблемасына азаматтардың немқұрайлылығы себеп: яғни олар бастапқыда жануарларға ықыласы ауып асырағанымен, кейіннен көңілдері қалып, керексіз заттай көшеге тастап кетіп жатады. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу қажет. Сондай-ақ ешқандай «хайпқа» жол бермей, мамандандырылған жануарлар орталықтарының қызметіне қоғамдық бақылау қойған жөн», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жабайыланып кеткен жануарлар мәселесінің ушығып тұрғанын атап өтті. Балалар, тіпті, ересектер жабайы иттерден жиі зардап шегіп жатқанын айтады. Ол қаңғыбас иттерге жанашырлық таныту қоғамда өзара алауыздық тудыратын себепке айналмауы тиіс екенін айтты.

«Бірақ біз қорғансыз жануарларды жәбірлеген фактілерге де бей-жай қарамауымыз керек, атап айтқанда, үй жануарларын азаптағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан дұрыс. Осындай тәсілдер қоршаған ортаға озық әрі жауапты көзқарас қалыптастырады деп ойлаймын. Бұл да «Таза Қазақстан» аясында атқарылуға тиіс істің бірі, – деді Президент», – деп қосты Тоқаев.

Еске салайық, сәуір айының басында Мәжіліс депутаттары жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға енгізілетін түзетулерді екі оқылымда мақұлдады.

Оған сәйкес, ұсталған қаңғыбас иттер қайтадан көшеге жіберілмейді. Егер оларда чип болмаса, 5 күннен кейін ұйықтатылады. Ал егер чипі болып, иесі анықталса, жануарды иесі алып кетуі үшін 60 күн күтіледі.