
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мектептен басталуы тиіс екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы балаларды экологиялық мәдениет пен еңбекке мектеп жасынан баулу қажет деп санайды.
«Сондықтан экологиялық акцияларға оқушылар мен студенттердің белсене қатысқаны жөн. Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігіне «Жасыл сабақтар» жобасын қабылдауды тапсырамын. Білім ордаларында суды және қуат көзін үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау ісін дәріптейтін бастамаларды қолға алу қажет», – деді президент.
Ол сондай-ақ жастардың экологиялық бастамаларын қолдау қажеттігін атап өтті.
«Оқушылар мен студенттердің экология мәселесіне арналған ғылыми ізденістеріне жан-жақты қолдау көрсету керек», –деп қосты мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасын жекелеген акция шеңберінен шығару қажет.
«Таза Қазақстан» халқымызды жаңа сапалық деңгейге көтеретін ұлттық идея болуға тиіс. Оны қоғамда терең орнықтыру үшін мәдениет саласының, әсіресе, креативті индустрияның әлеуетін барынша пайдаланған жөн, – деді Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, жаңа саябаққа ағаш отырғызды.