
Ресей Мемлекеттік Думасындағы ЛДПР фракциясы жетекшісінің орынбасары Сергей Леонов Қазақстанға жұмыс сапары барысында ресейлік саясаткер Владимир Жириновский туып-өскен Алматыдағы үйге барған. Ол осы ғимараттың қасбетіне мемориалдық тақта орнатуды ұсынды, деп жазады «Петербургский Дневник».
«Бұл үйге оның туғанына 80 жыл толу қарсаңында барғанымның символдық мәні бар. Әрине, ғимараттың қасбетінде мұнда ұлы ресейлік саясаткер Владимир Вольфович Жириновский дүниеге келгенін айтатын естелік тақта пайда болса, тамаша болар еді. Онда бұл аңызға айналған үй туралы көбірек адам біліп, саясаткердің өмірімен жақын таныса алар еді», – деп бөліскен Леонов.
2025 жылы бірқатар ресейлік БАҚ 2026 жылы Алматыда Жириновскийге ескерткіш ашылатыны туралы анонс жасаған. Ол кезде Алматы қаласының Мәдениет басқармасы Жириновскийге ескерткіш орнату туралы өтініштер түспегенін хабарлаған.
Владимир Жириновский 1946 жылы 25 сәуірде Алматыда дүниеге келген. Ломоносов атындағы ММУ-дің Шығыс тілдері факультетін «түрік тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп, Ресейде қалып қоған.
Жириновский Ресей Мемлекеттік Думасының төменгі палатасы құрылған алғашқы күннен бастап өмірінің соңына дейін (2022 жылғы 6 сәуір) сегіз шақырылымның депутаты және Мемлекеттік Думадағы ЛДПР фракциясының жетекшісі болды.
Айта кетейік, Жириновский қазақстандықтар үшін Қазақстанның біртұтастығы мен мен мемлекеттігіне қатысты жағымсыз пікірлер айтуымен есте қалған жағымсыз кейіпкер. Қазақстанға қатысты осындай сипаттағы мәлімдемелері үшін 2005 жылы Сыртқы істер министрлігі оның елге кіруіне тыйым салған.