
АҚШ президенті Дональд Трамп пен АҚ үй тілшілер қауымдастығы жиналған кешкі аста оқ атылып, қатысушылар эвакуацияланды, деп хабарлайды Associated Press.
Ақпаратқа сүйенсек, зардап шеккендер жоқ. Алайда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірі белгісіз адамның оқ жаудырғанын хабарлады.
Кейбір қатысушылар шамамен бестен сегізге дейін оқ атылғанын естігендерін айтты. Жүздеген танымал журналистер, жұлдыздар мен мемлекеттік қайраткерлер Трамптың сөзін күтіп отырған банкет залы дереу эвакуацияланды.
«Вашингтонда ерекше кеш болды. Құпия қызмет пен құқық қорғау органдары жылдам әрі батыл жұмыс істеді. Оқ атқан адам ұсталды, мен іс-шараны жалғастыруды ұсындым. Құқық қорғау органдарының шешіміне толық сенім артамын. Олар шешімді жақын арада қабылдайды. Қалай болғанда да, кеш жоспарланғандай өтпеді, оны қайта өткізуге тура келеді», – деп жазды Трамп өзінің әлеуметтік желісінде.
Оқиға саясаткерлер, журналистер мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен дәстүрлі түрде өтетін Washington Hilton қонақүйінде болды. Кейбір басылымдар, соның ішінде The New York Times, мұндай шараларды орынсыз деп санап, оған қатысудан бас тартқан.
Оқиға қарсаңында 500-ге жуық бұрынғы журналист баспасөз бостандығына жасалған қысымға қатаң жауап қайтаруға шақырған үндеуге қол қойған. Сонымен бірге, көптеген репортерлар бұл кешкі асты кәсіби араласу мен жұмыс байланыстарын орнату мүмкіндігі деп санайды.
2024 жылы Дональд Трампқа Уэст-Палм-Бичтегі Trump International Golf Club гольф-клубында қастандық жасалған еді. Кейіннен Флорида федералды соты күдікті Райан Уэсли Рутты өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім кесті.