Жаңалықтар

Ақтауда МАЭК-тің екі қызметкері тұз қышқылына күйіп қалды

Ақтауда МАЭК-тің екі қызметкері тұз қышқылына күйіп қалды / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының екі қызметкері тұз қышқылына күйіп қалды, деп жазады өңірлік «Лада» басылымы.

Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 23 сәуір күні таңғы сағат 10:30-да №1 цехта болған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, екі жұмысшы негізгі ГТПИ-3 конденсаторын қышқылмен жуу жұмыстарын жүргізген.

Тұз қышқылының ерітіндісі қышқыл айдайтын сорғыны қолдану арқылы шлангімен берілген. Жұмыс аяқталып, сорғы өшірілгеннен кейін, шлангіні ағыту кезінде тұз қышқылы ерітіндісі шашырап, салдарынан қышқыл тамшылары жұмысшылардың беті мен көзіне тиген.

«Жұмыс беруші жазатайым оқиға туралы белгіленген тәртіппен Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне хабарлады. Алған жарақаттардың ауырлық дәрежесі туралы медициналық қорытынды күтілуде. Ауыр немесе топтық жазатайым оқиға белгілері анықталған жағдайда, тергеу мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен арнайы тергеп-тексеру нысанында жүргізілетін болады», – деп хабарлады Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов.

Зардап шеккендер медициналық көмек көрсету үшін Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді.