Жаңалықтар

Екібастұзда қатты жел шатыр мен аялдамаларды ұшырды

Екібастұзда қатты жел шатыр мен аялдамаларды ұшырды / Фото: Shutterstock

Екібастұзда қатты жел тіркеліп, соның салдарынан қалалық инфрақұрылым нысандары зақымданды, сондай-ақ электр қуатымен қамтамасыз етуде іркілістер орын алды.

Осыған байланысты қала әкімі Аян Бейсекин қала тұрғындарына үндеу жасады.

«Қалаға екпінді жел соқты, соның салдарынан желілерде зақымданулар бар, кей жерлерде қысқа мерзімді ажыратулар болды, сондай-ақ аялдама павильоны жұлынып кетті, бірнеше жерде шатырлар ұшты», – деді ол Instagram-дағы видеосында.

Әкім қолайсыз ауа райы жағдайлары сақталып отырғанын және күшеюі мүмкін екенін атап өтті.

«Мүмкін, әлі де күшейе түседі, сондықтан үйлерде, паналайтын жерлерде болған жөн», – деп толықтырды Аян Бейсекин.

Ол барлық коммуналдық қызметтердің күшейтілген жұмыс режиміне көшірілгенін атап өтті. Әкімнің өзі қаланы аралап, жағдайды орнында бақылап, ең көп зардап шеккен учаскелерді бағалап, жедел шаралар қабылдауда.