Жаңалықтар

2026 жыл соңына дейін доллар бағамы 540 теңгеге жетуі мүмкін – Halyk Finance

2026 жылдың соңына дейін доллар бағамы көтерілуі мүмкін /фото: kursiv.kz

Halyk Finance сарапшылары жыл соңына қарай доллар бағамы 540 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін деп болжайды.

Теңге бағамы

Наурыз айының соңында теңге едәуір күшейіп, 1 доллар 478,15 теңгеге дейін төмендеді. Бұған нарықта доллардың көп болуы, Ұлттық банктің жоғары пайызы және мемлекеттік компаниялардың шетелдік валютаны көптеп сатуы себеп.

Дегенмен сарапшылар жыл соңына қарай доллар бағасы 540 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін деп болжайды. Бұл сыртқы экономикалық қауіп пен ел ішіндегі факторларға байланысты өзгереді.

Инфляция

2026 жылдың I тоқсанында елде инфляция қарқыны баяулап, 11% деңгейіне тұрақтады. Бұған Үкіметтің жарық, су, жылу және жанармай бағасын уақытша өсірмей ұстап тұруы және теңгенің нығаюы әсер етті.

Алайда алдағы уақытта тарифтер қайта өсуі мүмкін. Сондықтан жыл соңында болжамға сәйкес, инфляция 10,5-11,5% маңында болады. Ұлттық банк баға өсімін тежеу үшін ақша-несие саясатын әлі де қатаң ұстап отыр.

Экономикалық өсім

Ел экономикасының дамуы өткен жылмен салыстырғанда баяулады. Егер былтыр жыл басындағы өсім 5,6% болса, биыл бұл көрсеткіш 3%-ды құрады. Қазір тек ауыл шаруашылығында ғана жақсы нәтиже бар, ал қалған салаларда өсім төмендеген.

Мамандар 2026 жылдың соңына қарай экономиканың жалпы өсімі 4,8% деңгейінде болады деп болжайды.

Бұған дейін Ұлттық банк басшысы Тмиру Сүлейменов соңғы 4-5 айда инфляция 2%-ға төмендегенін айтқан еді. Ал, 2025 жылдың қыркүйегінде инфляция шырқау шегіне жетіп, 13,9% болған еді.