
Шымкентте мемлекеттік қызметкерден 10 млн теңге бопсалады деген айыппен журналист Арай Есенбек 5 жылға сотталды. Үкім 2026 жылдың 24 сәуірінде шықты.
Сот үкімі
Соттың хабарлауынша, 2025 жылдың қазанында журналист әлеуметтік желілерде Шымкент әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялап, әкімдік өкілінен өзімен 10 млн теңгеге ақпараттық мемлекеттік сатып алу шартын жасауды талап еткен.
«Бас тартқан жағдайда ер адам интернетте әкімдік қызметі туралы жағымсыз мәлімет жариялаймын деп қорқытқан. 6 қарашада сотталған 990 000 теңге алған. Сотта сотталушы кінәсін ішінара мойындап, соттан өзін бостандығынан айырмауды сұрады», – делінген хабарламада.
Сот журналисті қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Қорғау тарабының уәжі
Сот үкімі туралы ақпарат тарағаннан кейін Арай Есенбектің адвокаты Қанат Жүнісов әлеуметтік желіде жазба жариялады.
Айтуынша, журналист сот барысында өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Қылмыстық іс қозғалғаннан үкім шыққанша жоққа шығарған.
«БАҚ өкілдері ақпаратты қалалық соттың ресми парақшасына сүйеніп жариялаған шығар… Дегенмен ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұған бірден-бір дәлел – сот мәжілістерінің бейнежазба хаттамалары.
Соттың ресми сайтында тексерілмеген ақпараттың жарияланып кету себебін анықтап, алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайға жол бермеу мақсатында тиісті шара қабылдау үшін жоғары тұрған сотқа шағым жаздым», – деді адвокат.
Сөзінше, Арай Есенбек сотта «арызданушы тараппен қызмет бабымен қандай да бір қатынас құрғанына» өкінген. Адвокат мұны тағылған айып бойынша кінәсін мойындау деп бағалау заңсыз деп санайды.
Жарыссөзде екі прокурор сөйлеген
Адвокат Қанат Жүнісовтің айтуынша, сотта мемлекеттік айыптаушы үкім шығуға таяған тұста ауысқан.
«Мемлекеттік айыптаушы Арай Есенбекке тағылған айыптың негізсіз болуына байланысты бастапқы айыпты өзгертіп, соттан анағұрлым жеңіл баппен шешім қабылдауды сұраған. Іс бойынша сот тергеуі де, сот жарысөздері де аяқталып, тек Арай Есенбектің соңғы сөзі кейінге қалған. Осы арада не болғанын білмеймін, кенеттен іске қатысып отырған прокурордың орнына басқа прокурор келіп, заң талаптарын өрескел бұзып, қайта сот тергеуін жаңғыртуды сұрады.
Прокурордың бұл өтініші заңсыз екенін іштей біліп, судья міндетті түрде прокурордың өтінішін қанағаттандырусыз қалдыратынына сенімді болдым. Судья адвокаттың пікірін тыңдамай-ақ, прокурордың заңсыз әрі негізсіз өтінішін қанағаттандырып жіберді», – деп жазған адвокат.
Қанат Жүнісов бұл жағдайды KursivMedia тілшісімен әңгіме барысында да растады. Сөзінше, іс бойынша екі прокурор Арай Есенбекке әртүрлі жаза сұраған.
Кейінгі мемлекеттік айыптаушы журналисті 6,6 жылға соттауды сұраған.
Енді қорғау тарабы сот үкіміне апелляциялық шағым түсіргелі жатыр.
KursivMedia Шымкент қаласы сотының баспасөз қызметіне адвокаттың мәлімдемесіне қатысты ақпарат алу үшін сұрау жолдады.
@kursiv.media.kz Шымкентте полиция әкімдік қызметкерінен 10 млн теңге бопсалаған блогер-журналисті ұстады. Күдікті лауазымды тұлғаға әлеуметтік желіде мемлекеттік органның қызметін қаралайтын материал таратпауға уәде берген. Полиция күдіктінің тұрғылықты жері мен кеңсесінде тінту жүргізіп, электронды құрылғылар мен өзге де заттай айғақтар тәркіледі. Блогер-журналист уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. #шымкент #полиция #блогер #журналист ♬ оригинальный звук – kursiv.media.kz
Айта кетейік, Арай Есенбек 2025 жылдың қарашасында ұсталды.