
Соңғы уақытта әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде қазақтың біртуар ақыны, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың есімін ұлықтау мақсатында Алматыдағы ірі көшелердің біріне есімін беру туралы ұсыныстар жиі айтылып жүр. Алайда, бұл бастаманың жүзеге асуына қатысты заңдық кедергілер мен арнайы процедуралар бар.
5 жылдық мерзім
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 25-бабы, 5-тармағында нысандарға есім берудің қатаң тәртібі жазылған. Бұл бап жылдар бойы (2013, 2017, 2019 және 2021 жылдары) бірнеше рет толықтырылып, жетілдірілді.
Заңның қазіргі нұсқасы бойынша аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің… есімдерін қайтыс болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң беру» міндетті.
Бұл норманың мақсаты – тұлғаның еңбегін уақыт сүзгісінен өткізу және ономастикалық жұмыстарда асығыстыққа жол бермеу.
Ерекше жағдай
Алайда, Қазақстан тарихында бұл заң нормасының қалай жұмыс істейтінін көрсететін нақты мысал бар. 2019 жылдың 20 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскен сәтте Астана қаласына және барлық облыс орталықтарындағы басты көшелерге бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды.
Бұл шешім сол кездегі заңдағы «мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға ерен үлес қосқан тұлғалар» деген ерекше тармаққа сүйенді. Яғни, заң бойынша тұлғаның еңбегі «ерен» деп танылса, мемлекеттіліктің нығаюына тікелей әсер етсе 5 жылдық мерзімді күту міндетті емес.
Мұхтар Шахановтың жағдайы
Мұхтар Шахановқа қатысты да дәл осы «ерекше жағдай» бабын қолдануға толық моральдық құқық бар деп есептейтіндер көп.
Бірақ заңдылықты сақтау үшін процесс төмендегідей өтуі тиіс:
Ономастика комиссиясының сараптамасы Шахановтың еңбегін «мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға қосқан ерен үлес» санатына ресми түрде жатқызуы керек.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, әкімдік Республикалық ономастика комиссиясына ұсыныс жолдайды. Ендігі кезекте, мәселе ономастикалық комиссия ақын еңбегін қай деңгейде бағалайтынында болып тұр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыдағы Розыбакиев көшесін Мұхтар Шахановтың атына ауыстыру петиция жарияланған еді.