Жаңалықтар

Астанада балалар мінген аттракцион құлады: полиция тексеріс бастады

Астанада балалар мінген аттракцион құлады / Фото: Threads

Астананың Нұра ауданындағы Орталық саябақта ішінде балалар болған аттракцион құлады. Ақпаратты аудандық полиция департаменті растады.

Оқиға жексенбі яғни 25 сәуір күні кешке болған. Мәселені желіде қала тұрғыны көтерді. Оқиға кезінде аттракционда оның екі баласы болған. Әйелдің айтуынша, карусель бірнеше айналым жасағаннан кейін сынып, құлап түскен.

Полиция мәліметінше, аттракцион операторы отыру кабинасының құлағаны туралы өзі хабарлаған. Құқық қорғау органдары тексеріс жүргізуде.

«Кабина аспалы конструкцияның бекіткішінен ажырап кеткен. Тексеріс қорытындысы бойынша материалдар тиісті уәкілетті органдарға шара қолдану және аттракциондардың қауіпсіздігін тексеру үшін жіберіледі», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, осыған дейін Ақтауда 3 жасар баланың үстіне 50 келілік аттракцион бөлігі құлап кеткенін жазған едік. Оқиғадан кейін оған емдеу және психологиялық көмек қажет болған.