Жаңалықтар

Британдық «Тоттенхэмнің» экс-директоры Қазақстанда басшылық қызметке тағайындалды

Британдық «Тоттенхэмнің» экс-директоры Қазақстанда басшылық қызметке тағайындалды / Фото: ҚФФ

Британдық «Тоттенхэм» футбол клубының бұрынғы директоры Скотт Мунн ресми түрде Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) жаңа бас хатшысы болып тағайындалды.

Шешімді Федерацияның Атқарушы комитеті 27 сәуірде қабылдаған.

«Бұл тағайындау қазақ футболы тарихында алғаш рет болып отыр. Федерация басшылығына Англия Премьер-лигасында жұмыс өтілі бар, Еуропаның беделді клубтық турнирінің бірінде жеңіске жеткен тәжірибелі маман тағайындалды. С.Мунн федерацияның жаңа басшылығы бастаған реформаларды жалғастырады», – делінген ҚФФ баспасөз хабарламасында.

Енді Мунн төрешілікті реформалау, академиялар мен инфрақұрылымды дамыту, клубтарды басқару және лицензиялау стандарттарын көтеру, тұрақты коммерциялық және медиа базаны қалыптастыру, сондай-ақ, УЕФА және ФИФА-мен ынтымақтастықты тереңдету сынды жұмысты өз мойнына алмақ.

Скотт Мунн деген кім?

Скотт Мунн 2023 жылдан 2025 жылға дейін лондондық «Тоттенхэмде» футбол жөніндегі директор қызметін атқарды. Оның кезінде команда Ағылшын премьер-лигасында сәтті өнер көрсетіп, Еуропа лигасын жеңіп алды және Чемпиондар лигасында тұрақты ойнады.

Англияға дейін Мунн Қытайдағы «City Football Group» холдингін басқарған. Сонымен қатар, ол Қытай футбол қауымдастығы жанындағы реформаторлық жұмыс тобының құрамындағы Батыстың жалғыз өкілі болды.

Алайда Муннға ең үлкен танымалдылықты австралиялық «Мельбурн Ситидегі» жұмысы әкелді. Ол бұл клубты іс жүзінде қайта құрып, бірнеше бағыт бойынша табысқа жетті: заманауи жаттығу базасының негізін қалады, ірі демеушілерді (соның ішінде Etihad және Nike) тартты. Осының арқасында клуб ұлттық турнирлерде үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

«Осындай маңызды кезеңде Қазақстан футбол федерациясының құрамына қосылғаныма қуаныштымын. Президент Марат Омаров айқындаған бағыт пен федерацияның атқарған ауқымды жұмыстары маған үлкен әсер қалдырды. Елдегі футболды дамытуға үлес қосу үшін клубтармен де, халықаралық деңгейдегі әріптестермен де тығыз жұмыс істеуге асықпын», – деді Скотт Мунн.

Айта кетейік, бұған дейін федерацияда бұл қызметті Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Давид Лория атқарған.