Қоғам

Кімдер мемлекеттік қызметте 36 сағат жұмыс істеп, 40 сағаттың айлығын алуға құқылы

Заң жобасындағы өзгерістерді депутат Ерлан Әбдиев түсіндірді/фото: kursiv.media

Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін мүгедектігі бар азаматтарға 36 сағат еңбегі үшін 40 сағаттың жалақысы төленеді. Бұл туралы «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасында көрсетілген. Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиевтің сөзінше, бұл бастама өзгерісті басқа салаларға да енгізуге мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасы екі оқылымнан өтіп, Сенаттың қарауына жіберілді.

Депутаттың сөзінше, мемлекеттік қызметті инклюзивті ету мақсатында бірнеше өзгеріс енгізілген.

«Біріншісі – «жұмыс орны» деген ұғымның өзін кеңейттік. Мүгедектігі бар адамдардың жеке мүмкіндіктеріне байланысты ыңғайластырылған, бейімделген деген түсінікпен толықтырдық.

Екіншісі – мемлекеттік қызметке кіру шарттары көрсетілген 21-баптағы өзгерістер. Соның ішінде біліктілігі, денсаулық жағдайы деген ұғымдар бар. «Денсаулық жағдайы» деген тіркес кей жағдайда мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдауда кедергі келтіреді», – дейді депутат.

Заң жобасына көз жүгіртсек, біліктілік талаптарына сәйкес келетін, жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейіне қарай өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындауға қабілетті азамат мемлекеттік қызметке қабылдана алады.

«Инклюзивті саясат адамның диагнозына емес, қабілетіне қарап жұмыс істеуі керек», – дейді депутат Әбдиев.

Аптасына 36 сағат жұмыс істейді

«Тағы бір өзгеріс – жұмыс режимі көрсетілген 46-бап. Ол жерде мүгедектігі бар 1 және 2-топтағы адамдарға қысқартылған жұмыс көзделген. Яғни, 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек деген норма бар. Жалақысына кесірі тиіп кетпеуі үшін «36 сағат жұмыс істегенімен, жалақысы 40 сағат үшін төленеді» деп жаздық», – дейді Ерлан Әбдиев.

Заң жобасында «бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар мемлекеттік қызметшілерге жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы аптасына 36 сағаттан аспайтын мерзім деп белгіленеді» делінген.

«Өзім де 8 жыл жұмыс істеген кезде 36 сағат үшін жалақы алдым. Яғни, жанымдағы әріптестерімнен бірдей жұмыс істегеніммен 10%-ға жалақым аз болды», – дейді депутат Әбдиев.

Үшінші топтағы азаматтардың құқығы

Заң жобасы талқылауға шығарылғаннан бастап үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың құқығы сөз болып жатыр. Депутаттан заң жобасында үшінші топтағы азаматтарға қандай өзгеріс барын нақтыладық.

«Заңда бірінші және екінші топтағы азаматтарға ғана шектеу бар. Үшінші топтағы адамдарға қатысты мүлде шектеу жоқ. 8 сағат жұмыс істейді, толық жалақысын алады», – дейді депутат.

Неге мемлекеттік қызмет қана қамтылды?

Ерлан Әбдиевтің айтуынша, бұл өзгеріс басқа салаларға да келешекте енуі мүмкін.

«Мемлекеттік қызметке енгізу – өзгерістің бастамасы. Мұны еңбек кодексіне енгізуіміз керек. Бұған бизнес тарабынан кедергі бар. Қаражат төлеу – бизнеске қосымша жүктеме. Мемлекеттік қызметте мұны шеше алдық. Бизнеспен талқылап, ол тараптың да оң шешімін алуымыз қажет», – дейді депутат.

Депутат президент заңға қол қойса, басқа салалардың да рет-ретімен өзгеретініне сенімді.

Айта кетейік, елде мүгедектігі бар қазақстандықтарға арналған арнайы вагондар пайда болады.