
2026 жылғы Бейжің автосалонында Mazda компаниясының аға атқарушы директоры Тору Накадзима сөз сөйледі.
Ол электрлендіру дәуірінде Mazda табысты жұмыс істеуге толық дайын екенін және брендтің болмысы бұзылмайтынын айтты. Бұл туралы Carnewschina хабарлады.
Алғашқы қадам сәтсіз шықты
Оның сөзіне қарағанда, Mazda Қытайда іштен жану қозғалтқышы бар дәстүрлі көліктерден гөрі жаңа энергия көздеріндегі (NEV) көліктерді көбірек сататын алғашқы бірлескен кәсіпорын болуды көздеп отыр. Бірінші тоқсанда Қытайдағы сатылымның 47%-ы осы санатқа тиесілі болған.
Mazda дәстүрлі түрде поршеньді және роторлы іштен жану қозғалтқыштарымен танымал. Электромобильдер бағытына тек енді ғана қосылды. Компания өзінің алғашқы электр көлігі MX-30 моделін 2019 жылы таныстырды. Алайда алғашқы қадамдары да аса сәтті болмады. CX-30 кроссовері негізінде жасалған «стандартқа сай» CX-30 EV электромобилі тұтынушылар тарапынан жақсы қабылданбады. Соның нәтижесінде 2022–2024 жылдары Қытайда шамамен 500 дана ғана сатылған.
Mazda Changan серіктестігі
Mazda Changan компаниясымен серіктестігін пайдаланып, EPA архитектурасы негізінде ішкі нарықта EZ-6 деп сатылатын 6e седанын және EZ-60 деп аталатын CX-6e орта өлшемді кроссоверін әзірледі. Екі модель де электрлі және жүріс қоры ұлғайтылған гибридті (EREV) нұсқаларында ұсынылған. Халықаралық нарықтарда да бұл көліктердің сатылымын және алдын ала тапсырыстарын бастап кетті.
Тору Накадзима Mazda мен Changan арасындағы 20 жылдық серіктестік бұрынғыдан да нығайғанын атап өткен. Болашақ электромобильдер екі тараптың да пікірін ескере отырып шығарылатынын айтты.
Mazda сатылымының 40%-ы – электрлі көлік
China EV DataTracker деректеріне сәйкес, 2025 жылғы сәуірден 2026 жылғы наурызға дейін Mazda жалпы 91 061 көлік жеткізген. Бұл компанияның Қытайдағы электрлендіру стратегиясы тиімді екенін көрсетеді. Бастапқы 76 000 бірлік жоспары шамамен 20%-ға артығымен орындалған. Бірінші тоқсанда 6e (EZ-6) және CX-6e (EZ-60) модельдерінің жиынтық сатылымы Mazda-ның жалпы сатылымының 40%-дан асты. Ал электромобильдердің үлесі 47%-ға жетті.
Айта кететін жайт, былтыр шілде айынжа жапондық Mazda үшінші буындағы CX-5 кроссоверін ресми түрде таныстырған болатын.