
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Исабаева Астанадағы сән көрсетілімдерінің біріне барып, көпшілік алдына шықты.
Исабаевамен бірге түскен суретін шараға барған әйгілі гимнастшы, Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юспуова салды. Желідегі оқырмандар Исабаеваның сыртқы бейнесін, киім киюдегі «биік талғамын» талқылап жатыр.

Исабаева бұған дейін мұндай қоғамдық шараларға жиі шықпайтын, медиада танымал емес. Оның инстаграмда жеке парақшасы бар, бірақ оқырман саны мыңға да жетпейді. Парақшаның өзі жабық.
Әсел Исабаева қатысқан шара – тележүргізуші, кәсіпкер Динара Сәтжанның сән үйі ұйымдастырған көрсетілім. Шара Kazakhstan Fashion Week сән апталығы аясында Астанадағы Ұлттық музейде өтті.
Жиынға барған қонақтар арасында опера әншісі Майра Мұхамедқызы, Қазақстан Еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, эстрада жұлдызы Тамара Асар, соңғы уақытта желіде танымалдылығы артқан Мөлдір Мұқанқызы да бар. Оның қызы Айым Тұрсынбекқызы сән көрсетіліміндегі модельдердің бірі болды.
Бұған дейін Әсел Исабаева фотосессия жасап көзге түскен.
Әсел Исабаеваны Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Менің өмірім» атты мемуарында ресми таныстырды. Ол екінші әйелімен қалай танысқанын ашық жазып, одан Тауман және Байкен есімді екі ұлы бар екенін айтты.