Жаңалықтар

Нидерландтық туристердің автоүйі Баянауылдың сор батпағынан шыға алмай қалды

Нидерландтық туристердің автоүйі Баянауылдың сор батпағынан шыға алмай қалды / Фото: Павлодар ТЖД

Павлодар облысында автоүймен әлемді аралап жүрген Нидерланд елінің туристері қиын жағдайға тап болды. Олардың көлігі Баянауылдағы Кемпіртас жартасына жақын маңдағы сор батпаққа батып қалған.

Өңірдің көрікті жерлерін аралау кезінде автоүй өтуі қиын жерге тап болған. Саяхатшылардың өздігінен шығуы мүмкін болмады.

«Көмекке Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, «Баянауыл Су Арнасы» кәсіпорнының жұмысшылары, сондай-ақ жергілікті тұрғындар жедел жетті. Техниканы қолдану және үйлесімді іс-қимылдардың арқасында олар автоүйді батпақ тұзағынан шығарып алды», – деп хабарлады Павлодар облысының ТЖД.

Фото: Павлодар ТЖД

Ведомство өкілдері құтқару операциясының сәтті өткенін және зардап шеккендер жоқ екенін нақтылады. Шетелдік қонақтар құтқару жұмыстарына қатысқандардың барлығына алғыс айтып, Қазақстан бойынша саяхаттарын әрі қарай жалғастырды.