
2026 жылдың наурыз айында Қазақстанның валюта айырбастау пункттерінде Ресей рубліне деген сұраныстың айтарлықтай жанданғаны байқалды. Бірінші несие бюросының жазуынша, Ресей валютасын таза сату көрсеткіші (сатып алу мен сату арасындағы айырмашылық) 7,4 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш ақпан айымен салыстырғанда 7 есе көп.
Айта кетерлігі, осыған дейін рубльге деген таза сұраныс 14 ай бойы тұрақты түрде теріс мәнде болған. Яғни, халық рубльді сатып алғаннан көрі, айырбастау пункттеріне өткізуді жөн көрген. Алайда наурыз айында бұл тренд өзгеріп, сатып алу көлемі сату көлемінен қайта басым түседі.
Валюта бағамдарының динамикасы қандай?
Нарықтағы мұндай белсенділікке рубль бағамының төмендеуі себеп болуы мүмкін. Наурыз айында рубльдің теңгеге шаққандағы орташа айлық бағамы 5,4%-ға әлсіреп, 6,10 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл – 2025 жылдың наурызынан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Долларға деген сұраныс төмен
Долларға деген таза сұраныс айлық көрсеткіште 22%-ға төмендегенімен, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім бар (номиналды мәнде 44%, инфляцияны ескергенде 30%). Наурызда доллардың орташа бағамы ақпанмен салыстырғанда сәл тиімдірек болып, 489,31 теңгені (-1,3%) құрады.
Ал еуроны таза сату көрсеткіші 12 млрд теңгеге жетті. Ақпан айына қарағанда 14% өсім көрсеткенімен, жылдық динамикада айтарлықтай өзгерістер байқалмайды. Еуроның орташа айлық бағамы 3,5%-ға төмендеп, 566,32 теңгеге дейін арзандады