
Ресей билігі Қырғызстан азаматы – бұрынғы КТРК басшысы Илим Қарыпбековке елге өмір бойына кіруге тыйым салды.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Оның айтуынша, соңғы рет Ресейге 2021–2022 жылдары барған. Биыл маусым айында альпинизм федерациясының вице-президенті ретінде «Жеті шың» жобасы аясында Ресей аумағында орналасқан Эльбрус тауына тур ұйымдастыруды жоспарлаған.
Мәскеуде ұсталды
Қарыпбеков бірнеше күн бұрын турист ретінде Мәскеуге барғанын айтты. Оның сөзінше, әуежайда оны шамамен екі сағат ұстап, қосымша тексеріс жүргізілген. Кейін қалада екі-үш күн болып, театрлар мен музейлерді аралаған.
Алайда елден шығар кезде оны қайта тексеріп, бірнеше сағат бойы сұраққа тартқан. Соңында ФСБ тарапынан ресми хабарлама табысталып, онда оған Ресейге өмір бойына кіруге тыйым салынғаны көрсетілген. Құжатта елге қайта кірген жағдайда бірден ұсталып, қылмыстық іс қозғалатыны айтылған.
Геосаяси қысым
Карыпбеков Владимир Путин мен Кремльдің Қырғызстанға қатысты саясатын жиі сынап келгенін атап өтті. Оның пікірінше, Қырғызстанға түрлі геосаяси қысым жасалады. Соның ішінде елді мекен атауларын өзгерту мәселесіне де сыртқы ықпал бар.
Сонымен қатар ол Ресей азаматтарына қарсы ешқандай дұшпандық көзқарасы жоқ екенін, бірақ Кремль мен оның айналасы Қырғызстанды қарсылас ретінде қабылдайтынын айтты.
Мұның алдында қазақтар мен қырғыздарға Германияның әскери мұражайына кіруге тыйым салынған болатын.