Қоғам

Прокурормен келісімге келген Жанабыловтардың жазасы жеңілдеуі мүмкін

Астанада Жанабыловтар соты өтіп жатыр/фото: kursiv.media

Астанада ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі өтіп жатыр. 2026 жылдың 27 сәуірдегі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушылармен келісімге келгенін айтты.

Осылайша сот жарыссөзінде прокурор Олжас Хайруллаев Ерболат Жанабыловты мүлкін тәркілеп, екі жылға шартты түрде соттауды сұрап отыр.

Ал әйелі Эльмира Төлегенованы екі жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жас балалары болуына байланысты жазасын өтеуге екі жылдан кейін жіберуді сұрап отыр.

Процестік келісімге сәйкес, блогерлер келген шығынды толық көлемде өтеген, сол себепті прокурор азаматтық талап арыздан бас тартқан.

Қылмыстық іс

Қылмыстық іс 2026 жылдың наурызында басталды. Тергеу дерегіне сәйкес, 2025 жылы блогерлер аса ірі көлемде ақша табу мақсатында қылмыс жоспарын құрған. Алайда оқырмандар 30 мың теңгеге сатып алатын видеокурстардың білім беру және экономикалық мәні болмаған. Сондай-ақ бұл курстар бұрын да басқа платформаларда жарияланған.

Бұған дейін қылмыстық істегі прокурор Олжас Хайруллаев қылмыстық іс бойынша сот сараптамасы жүргізілгенін, соған сәйкес блогерлердің 247 млн теңгені қылмыстық жолмен тапқаны анықталғанын айтты.