Жаңалықтар

Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды тілдеген әйелдің үстінен іс қозғалды

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар сот арқылы ақтала алады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы қалалық полициясы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды әлеуметтік желілерде тілдеген қала тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғады. Виолетта Паршина есімді тұрғын Threads-те желтоқсаншыларды «ауылдан шыққан мәмбеттер» деп сипаттаған.

Полицияға түсті

Әлеуметтік желі қолданушылардың шамына тиген жазба 2025 жылғы 15 желтоқсанда жарияланған. Паршина іс қозғауға негіз болған пікірін 1986 жылғы оқиға туралы видео астына қалдырған.

Алматы тұрғыны Виолетта Паршина желтоқсаншыларға тіл тигізді
фото: Threads желісіндегі жазбаның скриншоты

Алайда қылмыстық іс содан бері шамамен бес ай өткеннен кейін ғана қозғалып отыр.

«Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. П. есімді азамат анықталып, полицияға жеткізілді. Қазір оның әрекетіне Қазақстан заңнамасына сай құқықтық баға беріліп жатыр», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.

Құзырлы мекеме ұлтаралық келісім, арандату, араздық туғызу мақсатында жарияланған контентке қатаң шектеу қойылатынын, заң алдында жауап беретінін ескертті.

Мұсылмандарды балағаттаған

Threads қолданушылар Паршинаның басқа да мәселелерге қатысты жазған пікірлерін сынады.

«Қысқаша айтар болсам, бұл әйел Қазақстан тәуелсіздігін мойындамай, мұсылмандарды балағаттап, ресейлік пропагандашы Соловьёвты қолдаған», – деп жазды журналист Михаил Козачков.

Бұған дейін танымал заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде қазақтың біртуар ақыны, қоғам қайраткері, марқұм Мұхтар Шахановқа қатысты ауыр сөздер айтқан блогерді жауапқа тартатынын мәлімдеген. Блогер Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды да қорлайтын сөздер айтқан.