
Алматы облысында зорланған 15 жастағы қыздың ісінде екі адам қамалып, 6 адам тергеуге алынды.
Бұл туралы Kursiv.Media-ға адвокат Инга Иманбай хабарлады. Қазіргі таңда екі күдікті екі айға қамауға алынған.
Сең қозғалды
Алты күдіктінің үстінен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Баспасөз мәслихатынан кейін іске ерекше назар аударылды. Тергеуші ауысты. Арнайы тергеу тобы құрылды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалу үстінде», – деді Инга Иманбай.
Адвокат қалған ақпараттар тергеу құпиясына жататынын алға тартты.
Полиция уәжі
Айта кететін жайт, баспасөз мәслихатынан кейін іле-шала Алматы облыстық полициясы да іс бойынша 19 наурызда қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.
«Қазіргі уақытта қажетті тергеу іс-қимылдарының кешені жүргізілді. Барлық тараптардың уәждері мұқият тексерілуде. Жәбірленушіге қандай да бір қауіп немесе қысым көрсетілмейді. Тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық іс облыс орталығының тергеу бөлімшелерінің өндірісіне берілді», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ерекше бақылауға алынды
Мұның алдында адвокат Инга Иманбай баспасөз мәслихатын өткізіп, Алматы облысы Райымбек ауданында 15 жастағы оқушы қызды екі ай ішінде 8 адам зорлағаны туралы сұмдық деректі жария еткен еді.
Инга Аманбай сол кезде қылмыстық іс 8 наурызда тіркелгенін, бірақ күдіктілердің ешқайсысы қамауға алынбағанын айтқан болатын.
Артынша Алматы облысының полициясы бұл істің басшылық тарапынан ерекше бақылауға алынғанын хабарлады.