
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақтың біртуар ақыны, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың қабіріне арнайы барып, зиярат етті.
Бас мүфти ақынның рухына арнап Құран аяттарын оқып, дұға бағыштады. Бұл туралы ақынның жиен немересі Қайырхан Балғабеков хабарлады. Мүфти хазірет ақынның туған-туыстарына тағы бір мәрте көңіл айтып, Мұхтар Шахановтың қазақ руханияты мен ұлттық мүдде жолындағы еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
«Алла Тағала атамызды Өз рақымына алып, жәннатынан орын нәсіп етсін», – деп тілек білдірді жақындары.
Еске сала кетейік, Қазақстанның Еңбек Ері, абыз ақын Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні дүниеден өткен еді. Қоштасу рәсімі Алматы қаласында өтіп, кейін ақынның өз аманаты бойынша, сүйегі туған жері Түркістан облысы, Отырар ауданына жеткізіліп, ата-бабалары мәңгілік тыншыған топыраққа берілді.
Бұған дейін Алматыда Мұхтар Шахановтың атына көше беру бастамалары көтерілген еді.