
Биыл қазақстандықтар үшін танымал туристік бағыттардың аясы тарылып, бағасы біршама қымбатқа түскелі тұр.
Дубай, Қатар, Бахрейнге сапарлап, демалып қайтуға Таяу Шығыстағы ахуал – басты кедергі. Сондықтан Түркия, Хайнань және Вьетнамға бронь жасаушылардың саны 40 пайызға артып отыр.
Осы орайда Qaztraveller.kz компаниясының атқарушы директоры Жанерке Марат KursivMedia-ға қазіргі туристік сапарлардың жай-күйі туралы айтып берді.
Қымбаттаудың екі себебі
«Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Дубай, Бахрейн, Қатар және басқа да мемлекеттерге қатынайтын әуе рейстері тоқтап тұр. Мәселен, Дубайдың әуежайы жұмыс істемейді. Көп рейстер тоқтатылған. Алматы мен Астанадан Дубайға тікелей рейспен тек қана FlyDubai ғана ұша алады», – дейді маман.
Жанерке Мараттың сөзіне қарағанда, сұраныс жоғары болғандықтан Вьетнам мен Хайнаньның бағасы едәуір қымбаттаған. Бағаның өсуіне екінші себеп – отын дағдарысы.
Вьетнам мен Хайнань неге тар
«Дубай мен Катар елдері мұнайдан түскен ақшасын туризмге салды. Осы арқылы мемлекет гүлденеді деп есептеді. Сондықтан мыңдаған нөмір қоры бар. Бұл елдер өте көп туристерге қызмет көрсете алады. Ал Вьетнам мен Хайнаньда ондай қуат жоқ. Инфрақұрылымдары мұншалықты туристер легіне шыдамайды. Бір Дубайға сиятын туристерді Хайнань немесе Вьетнамның бір қаласы қабылдай алмайды», – дейді маман.
Қазіргі баға қандай
Жанерке Мараттың айтуынша, орта есеппен алғанда, осы кезге дейін Хайнаньға сапар адам басына 450 мың теңге тұрса, қазір 540 мың теңгеге шығып кетті. Вьетнамға демалыс сапарының бағасы құбылып тұр. Бағаның толқуы доллардың бағамына да байланысты. Түрік елінде лира құнсызданып жатыр. Былтыр Түркияға демалыс сапары 400 мың тұратын қонақүйлер биыл 500 мың теңге тұрады.
Мысыр алыстады
«Қазақстандықтардың 60 пайызы Вьетнамға, Хайнань, Түркия мен Мысырға барады. Бірақ қазақстандықтар Мысырға барудан тартынады. Бекер емес. Өйткені, Мысырға бару қауіпсіз емес. Қазақстандарға СІМ Мысырға біраз уақытқа дейін бармауға шақырған. Біздің компания Мысырға барыңыз деп ұсыныс жасамаймыз. Өйткені, жүз пайыз қауіпсіз деп айта алмаймыз», – дейді атқарушы директор.
Ташкентке билет неге қымбаттады?
Қазақстандықтардың сүйікті туристік бағыттарының бірі – Өзбекстан. Биыл көктем айларында Ташкентке сұраныс ерекше көбейген. Билет жоқтың қасы. Әуекомпаниялардың бағасын қарасаң, бұған дейін 40 мың тұратын билет 80-100 мың теңгеден асып жығылады.
Әрине, жаз жақындаған сайын ел демалысқа жаппай шыға бастайды. Бұл – мамырдың соңы, маусым, шілде және тамыз айларында туристік маусымның көркі қызады деген сөз.
Басқа таңдау жоқ
Маман шетелге демалғысы келетін қазақстандықтарға бір жайтты ескеруге шақырды.
«Таяу Шығыстағы соғыс тоқтаған күннің өзінде қорқыныш қалады. Бағыттарды салыстыратын болса, Дубай барлық жағынан артық әрі қауіпсіз. Туристерге ешкім тиіспейді. Ұрлық-қарлық жоқ. Хайнань мен Вьетнамда ондай нәрселер болады. БАЭ секілді қауіпсіз ел емес. Сондықтан біздің адамдарда басқа таңдау жоқ», – дейді Жанерке Марат.
Ал Еуропаға виза алып, саяхаттайтындардың қатары соншалықты көп емес. Өйткені, тым қымбатқа түседі.
Бұған дейін, қазақстандықтар биыл қайда саяхаттап жатқаны туралы жазғанбыз.
Айта кететін жайт, шетелге шыққанда елден 10 мың доллардан артық ақша әкетуге тыйым салынады.