
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның қақтығысты реттеу туралы соңғы ұсынысына наразылық білдірді, деп хабарлады Reuters. Онда Тегеран ядролық бағдарламаны талқылауды кейінге қалдыруды қарастырады.
Бұған дейін Тегеран пәкістандық делдалдар арқылы Вашингтонға кезең-кезеңімен іске асырылатын жоспар ұсынған. Бірінші кезеңде – қақтығысты тоқтату және Парсы шығанағындағы, соның ішінде Ормұз бұғазындағы кеме қатынасына қатысты жағдайды реттеу, содан кейін ғана ядролық бағдарламаны талқылау ұсынылған. Ал америкалық тарап ядролық мәселе келіссөз басталғаннан-ақ шешілуі керек деп табандылық танытып келеді.
Ақ үйдегі талқыдан хабары бар дереккөздердің мәлімдеуінше, Трамп ядролық мәселені кейінгі кезеңге қалдыруды қабылданбайтын жайт деп санайды әрі оны келіссөз процесінің басынан бастап қарастыруды талап етеді.
«Ол бұл ұсынысқа онша қуана қойған жоқ», – деп келтіреді Reuters агенттігі Трамптың дүйсенбі күні кеңесшілерімен өткен кездесуінен хабары бар америкалық шенеуніктің сөзін.
Трамп мұндай ұсынысты қабылдауы екіталай екенін аңғартты, өйткені уранды байытуға қатысты мәселелерді реттемей тұрып, ирандық порттардың блокадасын алып тастау АҚШ-ты келіссөздердегі негізгі ықпал ету тетігінен айыруы мүмкін.
Ақ үй келіссөздердің егжей-тегжейіне түсініктеме беруден бас тартқаны хабарланды. Баспасөз хатшысы Оливия Уэльс Вашингтон «өзінің қызыл сызықтарын нақты белгілегенін» ғана растады.
Дереккөздер атап өткендей, ұсынысты талқылау дүйсенбі күні Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерімен кездесуінде өтті, алайда Вашингтонның бұдан былайғы қадамдары әзірге белгісіз.
Айта кетейік, осыған дейін Иран билігі Пәкістан арқылы АҚШ-қа жаңа жоспар жолдаған еді.