
Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Гон Хи төрт жылға сотталды. Апелляциялық сот 28 сәуірде осындай үкім шығарды. Бұл туралы Kursiv.Media Reuters мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, алғашқы инстанция биыл 28 қаңтарда бұрынғы бірінші ханымды пара алу қылмысымен 1 жыл сегіз айға соттаған. Сол кезде сот оны акция бағасын манипуляциялау, саяси қаржыландыруға қатысты тағы екі айып бойынша ақтаған.
Артынша сотталушының адвокаттары, прокуратура да сот үкіміне шағымданған. Іс апелляцияға жетем дегенше, 19 ақпанда оның күйеуі, экс-президент Юн Сок Ёль өмірлік түрме жазасына кесілді.
Сейсенбі күні прокуратура апелляциялық соттан Ким ханымды 20 жылға соттауды сұрады. Дегенмен істі қараған сот акцияларды манипуляциялау және пара алу айыптары бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Істі тергеу барысында бұрынғы бірінші ханымның Unification Church діни ұйымынан Chanel сөмкелері мен Graff алмаз алқасын сыйға алғаны анықталған.
Елдің бұрынғы бірінші ханымын қамауға алу туралы шешім 2025 жылғы 12 тамызда қабылданған. Оның алдында 52 жастағы әйел сот алдында кешірім сұраған.
Ким бұған дейін де қымбат әшекелейлерімен қоғам сынына жиі ұшырап жүрген. Мәселен, ол 2022 жылы НАТО саммитіне 43 мың доллар тұратын Van Cleef алқасын тағып барған. Сол кезде-ақ сыншылар қымбат зат қаржы декларациясында көрсетілмегенін байқаған. Содан кейін Кимді құны 20 млн вон тұратын екі Chanel сөмкесін, гауһар алқаны пара ретінде алды деп айыптай бастаған.