
Перизат Қайраттың «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы мәлімдеген құрылыс компаниясының басшысы тергеліп жатыр.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Суюншалиге қатысты тергеп-тексеру басталды.
«Тергеу амалдарына сай, 2021-2024 жылдары Мөлдір Суюншали «Nura Elite» коттедж қалашығын салу сылтауымен азаматтардан қаражат тартқан. Жоба аясында 37 коттедж және 24 таунхаус салу көзделген. Алайда қазірге дейін таунхаустар толық аяқталмаған», – делінген ақпаратта.
2023 жылдың 4-тоқсанына дейін аяқтау жөніндегі міндеттемелер орындалмаған. Сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Салдарынан 56 адам жәбірленуші ретінде танылып, тартылған қаражаттың жалпы сомасы 3,9 млрд теңгені құраған.
Оның ішінде 322 млн теңге Мөлдір Суюншали, жұбайының және анасының есепшоттарына аударылған, сондай-ақ 145 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырылған.
«Сондай-ақ бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату фактісі анықталған. Мәселен, жәбірленуші толық төлеген коттедждің бірі күдікті тарапынан жеке міндеттемелері бойынша кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, бірнеше рет қайта сатылған. Суюншали Мөлдір сатып алушылармен іс жүзінде жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін шарттар жасасқан, алайда оларды иеліктен шығаруға заңды құқығы болмаған. Үлескерлер қаражатының бір бөлігі Астана қаласында «Асылхан» тұрғын үй кешенін салуға арналған жер телімін сатып алуға жұмсалған», – деп хабарлады агенттік.
Ол құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол Перизат Қайраттың «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы мәлімдеген. Алайда іс жүзінде тұрғын үйкешенінің құрылысы басталмаған.
Сот санкциясымен оған үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.
«Мұқтаж әйелге көмек»
2022 жылдың қарашасында Instagram желісінде такси болып жұмыс істеп жүрген астаналық Әсел Омарованың видеосы тарады. Әйел емізулі баласымен бірге көлік жүргізіп отырған. Сол кезде «Біз біргеміз» қорының басшысы Перизат Қайрат әйелге кәсіпкер Мөлдір Суюншали басқаратын MM Group Development құрылыс компаниясы пәтер сыйлайтынын мәлімдеді.
Кейіннен үйдің салынбағаны белгілі болды, ал Перизат Қайрат істі болып, сотталып кетті.
Перизат Қайрат 10 жылға сотталды
2025 жылдың шілдесінде Перизат Қайрат 10 жылға сотталды.
Ол қайырымдылыққа жиналған 3,5 млрд теңгені иемденді деп айыпталды. Одан бөлек Палестинаға көмек ретінде жиналған қаражатты иемденіп алған.
Қылмыстық істе Перизат Қайратпен қатар оның анасы Ғайни Алашбаева бар. Анасы 7 жылға сотталды. Сондай-ақ істегі 50 жәбірленушіге екеуі 1 млрд 582 млн 649 мың теңге қайтаруға міндетті.