Жаңалықтар

«Достық» жабық: қазақ мұнайы Германияға балама құбыр арқылы жеткізіледі

нефть
Фото: Shutterstock

«Достық» мұнай құбырымен шикізат тасымалдау тоқтайтындықтан, қазақ мұнайы Германияға балама бағытпен жеткізіледі. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

2026 жылғы мамыр айында «Дружба» құбыры жүйесі арқылы Германияның Шведт» мұнай өңдеу зауытына бағытталған транзит кестесі өзгертілмек. Осыған байланысты 260 мың тонна экспортталатын мұнай көлемі жоспарлы түрде қайта бөлінеді.

Енді Усть-Луга портынан 100 мың тонна, ал Каспий құбыр консорциумынан (КҚК) 160 мың тонна жөнелтіледі.

«Тасымалдау бағыттарын қайта құру жүк жөнелтушілермен келісілді және өндірістік қажеттілік болып табылады. Бұл өзгерістер мұнай өндірудің жылдық жоспарының орындалуына әсер етпейді. Қолданыстағы көлік инфрақұрылымы экспорттың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, шикізатты әлемдік нарыққа үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

«Достық» мұнай құбыры – Қазақстан үшін маңызды маршруттың бірі. Былтыр осы құбыр арқылы Германияға 2,1 млн тонна мұнай жеткізілді. Биыл көлемін 3 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған еді.

Жақында Ресей 2026 жылғы 1 мамырдан бастап Қазақстан мұнайын «Достық» құбыры арқылы Германияға экспорттауды доғаратынын хабарлаған.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, көрші елдің мұндай шешім қабылдауына құбырдағы техникалық ақау себеп болған.