
Қазақстандағы атом электр станцияларына арналған уран отынын шығатын жалғыз кәсіпорын – «Үлбі металлургиялық зауыты» 2025 жылы 11,8 млрд теңге шоғырландырылған таза пайда тапқан. Көрсеткіш 2024 жылғы 9,75 млрд теңгемен салыстырғанда 17%-ға артық. Бұл деректер «ПрайсуотерхаусКуперс» аудиторлары растаған кәсіпорынның ресми есептілігінде жарияланды.
Қазір зауыттың қаржылық ахуалы оның құрамына кіретін еншілес және бірлескен кәсіпорындардың жұмысына тікелей байланысты.
Атап айтқанда, ҮМЗ «Машзавод» ЖШС мен «Ulba-China» серіктестігінің 100% акциясына иелік етсе, «Үлбі ТВС» бірлескен кәсіпорнының 51% үлесін бақылайды.
Бұл құрылым зауыттың жалпы нарықтағы тұрақтылығын қамтамасыз етіп, активтер жиынтығын 116,5 млрд теңгеге, ал меншікті капиталын 95,5 млрд теңгеге жеткізуге мүмкіндік берді.
Кәсіпорынның барлық жай акциялары (100%) «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясына тиесілі. Өз кезегінде, ұлттық компанияның 62,99% акциясын «Самұрық-Қазына» қоры, 12,01% үлесін ҚР Қаржы министрлігі иеленсе, қалған 25%-ы еркін айналымда жүр.
Осы басқару тізбегі арқылы зауыт табысының бір бөлігі – 3,6 млрд теңгесі акционерлерге дивиденд ретінде төленбек. Оның ішінде «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына 3,36 млрд теңге аударылса, артықшылық берілген акция иелеріне 201,8 млн теңге үлестіріледі.
Әрбір жай акцияға шаққандағы төлем мөлшері 762,15 теңгені құрап, қаржы 2026 жылғы маусым айының соңынан бастап иелеріне жолданатын болады.
Зауыт шығаратын өнім Қытай атом электр станцияларына жеткізілетіні хабарланған.